«Дәрігер 6 сағат ұйықтады»: Арыста 4 жасар баланың өліміне ата-анасы дәрігерлерді кінәлады

Фото: stan.kz

Түркістан облысы, Арыс қаласында қайғылы оқиға болды: төрт жасар Әлирахман Сейітхан аурухана қабырғасында көз жұмды. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана баланың өліміне тікелей дәрігерлерді кінәлап отыр.

Олардың айтуынша, түн ортасында ауруханаға түскен балаға кезекші дәрігер алты сағат бойы қарамаған, себебі ол өз кезекшілігі кезінде ұйықтап жатқан.

 

«Таңғы тоғызға дейін ешкім қарамады»

 

Баланың анасы Ұлжан Жүзейдің айтуынша, олар ауруханаға түнгі сағат 03:30-да түскен.

«Баламды түнгі үш жарымда алып бардық. Таңғы тоғызға дейін ешкім қарамады. Сол аралықта балам сөйлеп, су сұрады, дәретке барды. Өзім де тынышталып, дау шығармадым. Бірақ таң ата есінен айырылды. Дәрігер тек сол кезде келді», — дейді баланың анасы.

Анасының сөзінше, ауруханада МРТ мен КТ аппараты болмаған, сол себепті дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған.

 

Дұрыс қойылмаған диагноз

 

Жергілікті дәрігерлер алдымен болжаммен «вирустық энцефалит» деген диагноз қойған, алайда анализдер таза шыққан. Кейін баланың жағдайын бағалауға астанадан арнайы маман шақыртылған. Ол жергілікті дәрігерлердің диагнозын өзгертіп, жаңа ем жоспарын қалдырған.

«Астанадан келген маман басқа диагноз қойып, дәрілер жазып кетті. Бірақ балам жұмаға жетпеді», — дейді анасы көз жасына ерік беріп.

10 қазанда ауруханаға түскен кішкентай Әлирахман 23 қазанда жан тәсілім еткен.

 

«Дәрігерді үш рет оята алмадым»

 

Оқиғадан кейін тергеушілер келгенде, түнгі кезекшілікте болған мейірбике дәрігерді үш рет оятуға тырысқанын, бірақ оята алмағанын айтқан.

Ата-ана бұл жағдайға қатты ашынып отыр.

«Бір баланың өмірі қыл үстінде тұрғанда дәрігер ұйықтап жата ма? Кейін ол дәрігер бізге адам жіберіп, «арызды қайтарып алыңдар» депті. Естуімше, бас дәрігер қазір депутат болуға дайындалып жүр. Бірақ біз кінәлілер жазасын алсын дейміз», — дейді Ұлжан Жүзей.

Қайғылы оқиғадан кейін Арыс қалалық ауруханасы баланың өліміне дейін қызметтік тексеріс басталғанын хабарлағанымен, оның нақты нәтижесі әлі жарияланбады. Құқық қорғау органдары да бұл іске қатысты әзірге ресми ақпарат берген жоқ.