Фото: Pixabay
Дүниежүзілік банк пен Ұлттық статистика бюросының деректері кедейшілік азайып жатыр деп көрсеткенімен, сарапшылар бұл мәліметтердің халықтың нақты өмірімен сәйкес келмейтінін айтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Our World in Data ұйымының есебіне сүйенсек, 2024 жылы әлем бойынша 817 миллион адам шектен тыс кедейлік жағдайында өмір сүрген. Бұл – бір жыл ішінде 125 миллион адамға көп. Себебі кедейлік шегі қайта қаралды: маусым айында Дүниежүзілік банк күнкөріс минимумын 2,15-тен 3 халықаралық долларға дейін көтерді. Яғни «кедей» ұғымының өзі өзгерді.
Сонымен қатар, кедей елдердің көбі бұрынғысынша Африкада шоғырланған. Конго Демократиялық Республикасында халықтың 85%-ы тәулігіне 3 халықаралық доллардан аз табыс табады. Ал Тәжікстан — Орталық Азияда кедейшілік ең жоғары ел, мұнда халықтың 61,3%-ы дәл осындай жағдайда.
Ал Қазақстанның ресми есебі бұл тізімнің мүлде басқа жағында тұр. Бюро ұлттық статистикасы 2024 жылы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен азаматтар үлесі 0,1% ғана болғанын хабарлады. Бұл шамамен 16,5 мың адам. Күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүретіндердің үлесі де 5,2%-дан 5%-ға төмендепті.
Бір қарағанда, елде кедейшілік азайып жатқандай көрінеді. Бірақ бұл цифрлардың артында не тұр?
Көрсеткіш азайды, бірақ кедейлердің өмірі жеңілдеген жоқ
Мәселен, 2024 жылы Қазақстандағы күнкөріс минимумы 51,5 мың теңге болса, 2025 жылдың басында ол 52,5 мың теңгеге жеткен. Бұл шамамен тәулігіне 1 700 теңге. Мұндай сомаға бір адамның үш мезгіл тамақтанып, тұрмыстық қажеттілігін өтеуі мүмкін бе — бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, елдегі инфляцияны және баға өсімін ескергенде, ресми статистика «қазақ кедейленіп жатқанын емес, тек есеп әдістемесінің өзгеріп жатқанын көрсетеді». 2024 жылдың соңында тұтыну бағаларының индексі 19,2%-ға өскен, яғни азық-түлік пен коммуналдық қызметтер айтарлықтай қымбаттаған.
Экономистер мұндай жағдайда табысы 52 мың теңгеден сәл ғана жоғары азаматтар «ресми түрде» кедей саналмайды, бірақ өмір сүру деңгейі шын мәнінде кедейшілік шегінен аса қойған жоқ.
Ресми статистика мен шынайы өмір арасындағы айырмашылық
Қазақстанда тұтынуға пайдаланылған табыс 2024 жылы орта есеппен айына 99,2 мың теңге болған, бұл шамамен күніне 3,3 мың теңге немесе 7 АҚШ доллары. Халықаралық есепке сәйкес, бұл көрсеткіш 20 халықаралық долларға тең — яғни «шектен тыс кедей» емес.
Алайда мұндай орташа есеп шын көріністі бұрмалайды. Өйткені табыс тең бөлінбейді: ірі қалаларда жалақы жоғары болса, ауылдарда халықтың едәуір бөлігі ең төменгі жалақыға өмір сүріп отыр. Ал ауылдық жерлерде кедейліктің ресми деңгейі 6,9% болса да, әлеуметтік осал топтардың жағдайы әлдеқайда ауыр.
«Кедей жоқ» деген елде неге азық-түлік қымбаттап, несиелер көбейіп барады?
Экономистердің пікірінше, Қазақстандағы кедейліктің азаюы — экономикалық өсімнен емес, есептеу тәсілінен туындаған. Өйткені табысы азайған халық тұтыну несиесіне тәуелді болып барады.
2024 жылы елде тұтынушылық қарыз көлемі тарихи рекордқа жетіп, 7 триллион теңгеден асты. Бұл азаматтардың табысынан бұрын, несие есебінен өмір сүріп жатқанын көрсетеді.
Сондықтан «Қазақстанда бар-жоғы 0,04% адам ғана шектен тыс кедей» деген мәлімет өмірдің шындығын толық ашпайды.
