Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тағы да ірі дау шықты. Бұл жолы Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенттері жатақханадан орын бөлудегі әділетсіздікке шағымдануда. Оқиға жемқорлыққа қатысты күдікті күшейтіп отыр.
Қандастар далада, шетелдіктер жатақханада
Мәселенің мәні мынада: аталған факультетте Қытайдан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан келген этникалық қазақтар (қандастар) білім алуда. Алайда, оларға университет жатақханасынан орын бұйырмаған. Нәтижесінде, жас студенттер Алматының шетіндегі Талғар, Жамбыл аудандарынан қала орталығындағы оқу орнына қатынап жүруге мәжбүр. Ал, кей күндері сабақтың 18-19:00 ге дейін жалғасатынын ескерсек, жастары 16-17-дегі өрімдей жас қыздар үшін түнде қала сыртына қатынау қандай қауіпті екенін айтпасақ та түсінікті.
Бір қызығы, дәл осы факультетте қазақ жоғары оқу орындарына түсу үшін дайындалатын ұлты қазақ емес, басқа да шетелдік азаматтар (мысалы, Қытай азаматтары) ақылы бөлімде оқиды.
Шағымданушылардың айтуынша, осы ұлты қазақ емес ақылы бөлімдегі шетелдік студенттердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген. Ал «Отаным, елім» деп келген қандас жастарға орын бұйырмай отыр. Бұл жағдай аталған жоғары оқу орнындағы жемқорлық күдігін айтарлықтай арттырады: университет басшылығы ақылы қызмет алатын шетелдіктерге басымдық беріп, өз қандастарын екінші орынға қойып отыр ма?
Жер дауынан «пәктік тізіміне» дейін: ҚазҰУ—дағы даулар тізбегі
Бұл ҚазҰУ-дың атын «шығарған» жалғыз оқиғасы емес. Университет беделіне соңғы жылдары бірнеше рет ауыр соққы тиді.
- Жер сату дауы: Еске салсақ, осыған дейін ҚазҰУ басшылығына қатысты университеттің бағалы жер телімдерін сату бойынша жемқорлық дауы болған еді.
- Студент суициді: Ал осы жазда Алматыда ҚазҰУ студентінің 14-қабаттан секіріп, өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар тарады.
- Өткен жылы «Пәктік тізімі» (Список девственниц) таралса, енді, міне, жатақхана төңірегіндегі кезекті дау туындап отыр.
Елді шулатқан «пәктік тізімі» дауы
Өткен жылы ҚазҰУ-да студент қыздардың жеке деректерінің тарап кетуіне байланысты үлкен жанжал шыққан еді.
Сол кезде БАҚ пен Telegram-арналардың хабарлауынша, 190 адамнан тұратын старосталардың WhatsApp тобына төрт құжат жіберілген. Бұл тізімде қыздардың аты-жөні, ЖСН, ұялы телефон нөмірлерінен бөлек, медициналық деректер де болған. Тізімнің бір бағанында студент қыздардың қайсысы virgo (пәк екенін білдіретін медициналық термин), қайсысы пәк еместігі көрсетілген.
Бұл іске Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ЖОО әкімшілігі араласқан. Анықталғандай, университетке медициналық қызмет көрсететін емхананың медбикесі механика-математика факультетінің 3-4 курс студенттерінің флюорографиядан өтуі керек тізімін деканат қызметкеріне WhatsApp арқылы жіберген. Алайда, ол дәрігерлік құпияға жататын аса құпия мәліметтерді өшірмеген. Ал одан әрі бұл ақпаратты басқа адамдар таратып жіберген.
Университеттегі жер дауы, студент өлімі және «пәктік тізімі» сияқты ірі даулардан кейін енді қандастарға тиеселі жатақхана орнын саудалап, орнына шетелдіктерді кіргізу оқиғасы ҚазҰУ-дағы жүйелі мәселелердің әлі де шешілмегенін көрсетеді.
