Тұрғындар шағымы: Академиялық қалашықтағы құрылыс дауына компания басшысы жауап берді

Алматыда әл-Фараби даңғылы бойындағы Академиялық қалашық тұрғындары үйлерінің іргесінде жоспарланған құрылысқа қарсы шығып, биліктен көмек сұраған еді. Әлеуметтік желіде тараған бейнеүндеуде олар жаңа нысанның қала құрылысы нормаларына қайшы келетінін айтқан. Осыған байланысты Saba Group компаниясының президенті Ілияс Карбозов түсініктеме берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Компания төрағасының сөзінше, жер телімі нүктелі құрылысқа жатпайды. Бұл жергілікті және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба. Оның аясында көпдеңгейлі автотұрақ, жасыл аймақтар мен демалыс алаңдары, көлік және жаяу жүргінші жолдары қарастырылған.

“Жоба мақсаты: қаланың инфрақұрылымын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық түсімдерін арттыру. Алматыда туризм қарқынды дамып келеді, әрі келушілер саны да жыл сайын өсіп жатыр. Өкінішке қарай,  қонақүйлердің көбі тозған, қазіргі нөмірлер заман талабына сай емес. Сондықтан жаңа нысан туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған”, – дейді Карбозов.

Айтуынша, құрылыс жобасы Алматы қаласының жаңа құрылыс ережелеріне сай дайындалған және қала құрылысы кеңесінің оң қорытындысын алған.

Сонымен қатар ол жоба тұрғындардың пікірінен кейін қайта қаралып, бірқатар түзету енгізілген атап өтті.

“Бастапқыда тоғыз қабатты ғимараттар салу көзделген еді. Бірақ тұрғындардың өтінішінен кейін біз жобаны өзгертіп, бизнес орталықтың биіктігін бес қабатқа дейін төмендеттік. Сонымен қатар қонақүйдің орналасу бағыты да өзгертілді”, – деді компания басшысы.


Тіпті компания өкілдері тұрғындармен бірнеше рет кездесіп, олардың өтініштерін ескерген.

“Жергілікті тұрғындар “жол мен өткел жабылып қалады” деп уайымдады. Қазір біз сол өткел мен жолды қалпына келтірдік, тіпті жаңа жаяу жүргіншілер жолын жасадық. Бас жоспарда бәрі нақты көрсетілген: тұрғындар өз үйлеріне еркін қатынай алады, көліктер үшін де бөлек айналма жол қарастырылған”, – деді ол.

Тектоникалық жарылым және қауіпсіздік

Компания жер учаскесінің тектоникалық тұрғыдан қауіпсіз екенін де атап өтті.

“Кейбір тұрғындар бұл аумақ тектоникалық жарылым аймағында орналасқан деп айтыпты. Бірақ бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми карта бойынша жарылым жолдың арғы бетімен өтеді, біздің жерге қатысы жоқ”, – деді Карбозов.

Инженерлік желілер мен құжаттар

Saba group төрағасының айтуынша, құрылысқа дейінгі барлық инженерлік желілер мен құжаттар мұқият зерттелген.

“Жерді сатып алмас бұрын біз барлық техникалық және заңды құжаттарды тексердік. Учаскенің мақсатты нысаналы пайдалануы мен жоспарлау жобасы қаланың Бас жоспарына толық сай. Инженерлік желілердің бәрі бөлек орналасқан, тұрғын үйлердің жүйелеріне ешқандай жүктеме түспейді”, – деп түсіндірді ол.


Қазір жоба өзгергендіктен, компания оны қайтадан мемлекеттік сараптамадан өткізуді жоспарлап отыр.

“Біз жобаны жаңарттық, сондықтан қайта сараптамаға жібереміз. Құжаттар толық рәсімделген соң ғана құрылыс басталады”, – деді ол.

Құрылыс мерзімі 

Компания құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың екінші тоқсанында бастауды көздеп отыр.

“Бір жарым жылдың ішінде нысанды толық аяқтаймыз”, – деді Карбозов.

Айтуынша, жердегі көгалдарға қатысты да тұрғындардың уайымы ескерілген.

“Иә, белгілі бір бөлігі, шамамен 400 ағаш пен бұтаны алып тастаймыз. Бірақ орнына 4 мыңнан астам ағаш пен гүлзарлар отырғызылады. Бұл — заңға сай өтемдік көгалдандыру шарасы. Біздің мақсат аймақты көркейтіп, демалуға қолайлы аймақ қалыптастыру”, – деді ол.

Компанияның тұрғындармен байланысы

Компания тұрғындармен тікелей байланыс орнатқанын да мәлімдеді.

“Біз тұрғындармен үнемі байланыстамыз. Ватсап чат бар, онда біздің өкілдер барлық сұраққа жауап береді. Көпшілігі кездесуге келмейді. Алайда біз жұма күні әкімдік өкілдерімен бірге тағы бір кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз өзара түсіністікке келу”, – дейді SABA GROUP директоры.

Алматы әкімдігінің жауабы

Айта кетейік, күні кеше бұл мәселеге қатысты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов түсініктеме берген еді.

Оның айтуынша, аталған нысан қала құрылысы құжаттарына толық сәйкес келеді, және әзірге заңдылығына қатысты күмән жоқ.

“Бұл жобаны жүзеге асыруға алдын ала рұқсат бар, себебі ол қаланың бас жоспары мен деталды жоспарлау құжаттарына сай келеді. Мұнда кеңселер мен қонақүй салынады, ал тұрғын үй түріндегі нүктелі құрылысқа жол берілмейді”, – деді әкім орынбасары.

Сонымен қатар Шахановтың айтуынша, қала әкімдігі құрылыс компаниясынан көрші үйлердің тұрғындарымен келісіп, олардың қолайлы өмір сүру жағдайын сақтауды талап еткен.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін әл-Фараби даңғылы бойындағы Академиялық қалашық тұрғындары үйлерінің іргесіндегі жаңа құрылысқа қарсы шыққан болатын.

Олар Президентке бейнеүндеу жолдап, даулы аумақтағы нысанның қала құрылысы нормаларын бұзып жатқанын мәлімдеген. Тұрғындар құрылыс жүргізілетін жерді мемлекет меншігіне қайтарып, оның орнына демалыс аймағы мен төтенше жағдайда жиналатын алаң салуды ұсынған еді.

Айтуларынша, құрылыс аймағы сейсмоқауіпті және тектоникалық жарық үстінде орналасқан, сондай-ақ ол ауданның табиғи желдетілуін шектепинженерлік инфрақұрылымға салмақ түсіруі мүмкін.

Тұрғындар қоғамдық тыңдаулардың өткізілмегенін айтып, құрылысқа ресми келісім бермегендерін жеткізген.