Ақтөбе облысында жол апатынан 12 адам қаза тапты

Фото: Видеодан алынған кадр

Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Облыстық полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, оқиға 23 қазан күні Самара – Шымкент тасжолында Белқопа ауылының маңында болған.

«Жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын «ГАЗель» соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші мен «ГАЗель» автокөлігінің 10 жолаушысы көз жұмды. Тағы бес адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – делінген хабарламада.

«ГАЗель» аудан мен облыс орталығы арасында жолаушылар тасымалдаған.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, апаттан зардап шеккендер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Бес адамның ішінде үшеуінің жағдайы ауыр, ал екеуінің жағдайы орташа.

Бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жол апаты болған орынға аттанғаны туралы да айтылды.