Тергеушілер соңғы айларда мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін мәлімдеді.
Францияның солтүстігіндегі Лангр қаласындағы «Дени Дидро ағарту үйінен» XVIII ғасырдағы алтын және күміс монеталардың шамамен 2000 данасы бір түннің ішінде ұрланып кетті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы BILD басылымының мәліметтеріне сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, бұл монеталардың көпшілігі бірегей үлгілерге жатады. Алдын ала деректер бойынша, қылмыскерлердің әрекеттері кәсіби деңгейде ұйымдастырылған, яғни олар нақты нені іздегенін жақсы білген.
Қыркүйек айының басынан бері Франциядағы бірнеше мұражай мен коллекциялар тоналған.
Қазан айының ортасында оңтүстік-батыстағы Сарран коммунасында орналасқан Жак Ширак мұражайы екі тәулік ішінде екі рет тоналды. Ұрылар бұрынғы президент Жак Ширакқа берілген дипломатиялық сыйлықтар, зергерлік бұйымдар мен сағаттарды алып кетті. Залал мөлшері әзірге нақтыланған жоқ, полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін, қыркүйек айында, Лимож қаласындағы Адриен Дюбуше ұлттық мұражайынан жалпы құны 6,5 миллион еуро тұратын үш қытай фарфор бұйымы жоғалған. Бұл жәдігерлер ресми түрде «ұлттық қазына» мәртебесіне ие болған.
Бірнеше күннен кейін Париждегі Табиғат тарихы мұражайынан 1,5 миллион еуроға бағаланған бірнеше алтын кесегі ұрланды. Бұл іске қатысты 24 жастағы күдікті Барселонада ұсталды, оның сыбайластары Еуропа көлемінде іздестірілуде.
Полиция әзірге бұл қылмыстардың бәрін бір ұйымдасқан топ жасағанын немесе тек ұқсас әдістермен әрекет ететін бірнеше топтың ісі екенін нақты айта алмай отыр. Лувр мұражайындағы ұрлыққа қатысты тергеушілер кәсіби деңгейде ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы бар деп болжайды.