Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында елді елең еткізген іс қаралды. Марқұм Абай Айсағалиевтің бет-әлпетіне ұқсайтын силикон маска тапсырыспен алдырып, оны қылмыс кезінде пайдаланған сотталушы 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сот отырысы бір айдан астам уақытқа созылып, бүгін жарыссөз кезеңі өтті.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, айыпталушы қылмыс жасаған күннің кей сәттерін «еміс-еміс есімде» деп түсіндірген. Ол пышақ жарақатын салғаннан кейін пәтердің ішін жуып, жәбірленушінің басына пакет кигізіп, қанды іздерді жасыру үшін денені мұздатқышқа жасырған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Абай Айсағалиев көп қан жоғалтудан, оң жақ кеудесіндегі кесіп-тесілген жарақаттан көз жұмған. Оның оң жақ өкпесі мен жүрегі зақымдалған, денесінде барлығы жеті пышақ жарақаты анықталған.
Айыпталушы марқұмның шотынан 5,2 миллион теңге шешіп алып, планшетін, телефонын және басқа да заттарын ұрлаған. Жалпы келтірілген шығын 7,2 миллион теңгеден асқан.
Сотта тапсырыспен жасалған силикон маска да көрсетілді. Ол марқұмның бет-бейнесіне айнытпай ұқсайтыны анықталды. Прокурор бұл жайтты қылмыстық әрекетті жоспарланған және әдейі жасалған деп бағалауды сұрады.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша – 4 жыл 8 ай, ал 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша – 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраймыз. Түпкілікті жаза ретінде 20 жылға бас бостандығынан айыру ұсынылады, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Сот үкімі бүгін жарияланады.