«Әзербайжан – Қазақстанның маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі» — Тоқаев

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Мемлекет басшысы ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке шынайы ризашылығын білдірді.

– Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Бауырлас Әзербайжан халқының басшысын, аса көрнекті мемлекет қайраткері Президент Ильхам Әлиевті қазақ жерінде қарсы алу – біз үшін зор мәртебе. Екі елдің тамыры – бір, тарихы – ортақ. Әзербайжан – Қазақстанның маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Бүгінде қарым-қатынасымыз тұрақты дамып келеді. Біз өзара байланысымызды күшейтуге айрықша көңіл бөлеміз. Басты мақсат – достығымызды нығайтып, түрлі саладағы ықпалдастыққа тың серпін беру. Бұл қос халықтың мүддесіне сай келеді. Осы сапар Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал етеді деп кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің мемлекеттік сапарын елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам деп санайды.

– Ильхам Гейдар оглу Әлиев – тарихи масштабтағы көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауда және нығайтуда шешуші рөл атқарды. Президент Ильхам Әлиевтің ерен еңбегінің арқасында Әзербайжанның халықаралық аренадағы абыройы мен ықпалы еселеп өсті. Оның қуатты көшбасшылығымен Әзербайжан көптеген салада, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамуда керемет табыстарға жетті. Ауқымды реформалардың нәтижесі еліңіздің қарқынды өзгерісінен, экономиканың орнықты өсімінен, азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Әзербайжанның макроэкономикалық көрсеткіштері орнықтылығымен ерекшеленеді және ел өркендеуінің айқын дәлелі. Қазақстандықтар бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шынайы қуанады, – деді Қазақстан Президенті.

Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.

– Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түседі. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекеттер басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталған.

– Қазақстан мемлекеттік қызметті цифрландыруда, ІТ технологияларды дамытуда тәжірибе жинақтады. Біз осы салада бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Келіссөздер барысында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдетудің маңызын атап өттік. Үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде әзірлеу жөнінде тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.