Астанада және өңірлерде газ тапшылығы болмайды – Энергетика министрлігі

Аталған жағдай Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында.

Орынбор газ өңдеу зауыты жұмысының тоқтатылуынан Қазақстанға газдың жеткізілуі әсерленген жоқ, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытында шикізат қабылдаудың уақытша тоқтатылуына байланысты ресми түсініктеме берді.

Ведомство атап өткендей, БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Астана мен басқа да өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін» деген ақпарат шындыққа сай емес.

— Қазіргі уақытта елдің газдандырылған өңірлеріне, соның ішінде елордаға, газ қалыпты режимде және еш шектеусіз жеткізіліп жатыр. Газ жеткізудің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Жеткізілмеген газ көлемі қолданыстағы келісімшарт аясында жедел түрде толықтырылуда. Сондықтан ішкі тұтынушылар, оның ішінде елордалық ЖЭО-да газ тапшылығы жоқ және болашақта да болмайды, — делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, серіктестердің ақпараттары бойынша, жақын арада Орынбор ГӨЗ-де газ қабылдау қайта басталуы күтіледі.

— Уақытша шектеулерге байланысты Қарашығанақ кен орнының операторы өндіру көлемін бақылаулы түрде азайтты. Аталған шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу міндеттемелеріне әсер етпейді. ГӨЗ қалыпты жұмысына көшкеннен кейін өндіріс көлемі жоспарланған деңгейде қайта жалғасады. Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу мәселесі Үкіметтің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады және пысықталу үстінде, — деп түсіндірді ведомство.

Энергетика министрлігі азаматтар мен БАҚ-ты тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған ақпараттарға жол бермеуге шақырады.