Қаржылық сауатсыздық: Шенеуніктер ме, қарапайым қазақстандықтар ма?
Үкімет халықтың қаржылық сауатсыздығын жоюға бағытталған кампанию бастады.
Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың мәліметінше, енді қаржылық сауаттылық бойынша сабақ беруі үшін педагогтердің біліктілікті арттыру курстары жүргізілуде.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, бюджеттен қаржы жұмсалып, «Narxoz» университеті 2024 жылы «Қаржылық сауаттылық» курсын әзірлейді. Бұл курс биылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында оқытылады. Жыл сайын шамамен 100 мың студент қамтылады, олардың көбі бірінші курс студенттері.
Дегенмен, экономист Рахымбек Әбдірахманов Gde Tenge Telegram-арнасында мемлекет пен халықтың қарыздарын салыстыра келе, «Қаржылық сауаттылық» курстары шенеуніктер үшін маңызды деп мәлімдеді.
Сарапшының пікірінше, қазіргі мемлекеттік борыш көлемі мен квазимемлекеттік сектор, ұлттық компаниялардың қарыздары қаржылық тәртіп проблемасының мемлекетке де қатысты екенін көрсетеді.
Сарапшы «Үкімет пен азаматтар: қаржылық сауатсыздық кімде?» деген сауал қойып, оған өзі жауап берді.
«Шенеуніктер халықтың шектен тыс кредиттелуін қаржылық сауаттың аздығымен түсіндіреді. Бірақ мемлекеттік борыш және квазимемлекеттік сектордың қарызына қарасақ, қаржылық тәртіптің нашарлығы көрініс тапты. 2024 жылдың қорытындысында Үкіметтің борышы 30,1 триллион теңгеден асып, бір жылда 20,7%-ға өсті», – деді Рахымбек Әбдірахманов.
Оның ішінде:
•
Ішкі нарықтан алған қарызы – 21,7 триллион теңге (жалпы сомадағы үлесі 72%);
•
Шетелден тартқан сыртқы қарызы – 8,3 триллион теңге (28%).
•
Үкімет 2024 жылы, берешекке қызмет көрсету үшін республикалық бюджеттің 23,8%-ын жұмсайды, бұл тарихтағы теңдессіз дефицитке алып келеді.
•
Соңғы 10 жылда Үкіметтің қарызы 3,5 есеге өскен. 2014 жылы 8,7 триллион болса, 2024 жылы 30,1 триллион теңгеден асты.
Бір ғана 2024 жылы Үкімет 2013 жылға дейінгі мемборыштың бүкіл көлеміндей 7,03 триллион теңге қарыз алды. Бұл, бюджеттік тапшылықты жою үшін ғана жұмсалған.
Жоғары аудиторлық палата аймақ әкімдерін қарыз алу кезінде олардың жауапкершілігін бақылап жүргендігін, бірақ нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталғанын мәлімдеді.
«Мемлекеттік аудит кезінде жергілікті жерлердегі қарыз алу лимиттері кейде сақталмайды. Жергілікті атқарушы органдардың лимитті сақтамауы үшін жауапкершілік белгіленбейді. Қарызды басқару әр түрлі әдіспен жүргізіледі», – деді Жоғары аудиторлық палата.
Палатаның деректері бойынша, мемлекет алынған қарызды көбінесе бұрынғы алған заемдарымен қызмет көрсету мен бюджеттік дефицитті жою үшін жұмсайды.
Экономист министрліктер мен әкімдіктердің заем қаражатын тиімді жұмсауы бойынша талдау жүргізілмейтінін атап өтті. Қаржы министрлігі кредиттің қайтарымдылығы мен нақты әсерлерді жарияламайды.
Экономист квазимемлекеттік сектордың жағдайын да талдады:
•
Жалпы көлемі – 23,65 триллион теңге, жылына 16,8%-ға артқан;
•
«Самұрық-Қазына» қорының борышы – 10,99 триллион теңге, 2024 жылы 2,21 триллион теңге жұмсалады;
•
«Бәйтерек» холдингінің борышы – 9,88 триллион теңге, былтыр 1,07 триллион теңге жұмсады;
•
Басқа квазимемлекеттік субъектілер 2,78 триллион теңге қарыз.
Аудит қорытындысы бойынша квазимемсектор мемлекеттік стратегияларды ескерусіз, мақсатсыз жұмсайтындығы белгілі болды. Бұл нәтижеге жеткізбейді.
«Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» секілді компанияларда заемның тек 25-30%-ы ғана жаңа инвестицияларға беріледі, ал қалғаны ескі берешектерді жабуға жұмсалады.
Экономист халықтың қарыздары туралы да айтты. Ұлттық банк мәліметі бойынша, қаржылық ұйымдар 47,6 триллион теңге кредит берді, соның 25,5 триллион теңгесі немесе 53,7%-ы жеке азаматтарға берілген несиелер.
•
1 миллион теңгеге дейін кредит алған азаматтардың үлесі 53%-ды құрайды.
Сондай-ақ, мемлекеттік кредиттік бюро базасында 9 миллион заемшы тіркелген, яғни, 13 миллионнан аса ересек қазақстандықтың 70%-ында кредит бар.
•
Ешқандай кепілсіз берілген тұтынушылық кредиттердің үлесі 62%-ға, яғни 16 триллион теңгеге жетті.
2024 жылдың қорытындысында орташа жалақы 97 557 теңге болды, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының табыстарының шынайы өсімі 0,3%-ды құрады.
Halyk Finance деректері бойынша, Қазақстандықтардың шығыстарының 50,6%-ы азық-түлік сатып алуға жұмсалады, себебі елде қымбатшылық артып келеді.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанының халқының табысын азық-түлікке жұмсауы жөнінен әлемде ТОП-6-ға енді (6-орын).
«Қазақстандағы шынайы табыс, жалақының төмендігі, инфляцияның жеделдеуі азаматтарды «аштан өлмеу үшін қарыз алу» белгісіне алып келеді», – деді экономист Рахымбек Әбдірахманов.
Ол Қазақстандағы мемлекеттік және азаматтық қарыздың даму мен инвестициялау мақсатында емес, жанбағыс механизміне айналғанын атап өтті.
«Үкімет жыртықты жабу үшін борышқа батады, квазимемлекеттік сектор ескі берешектеріне қызмет көрсету үшін жаңа қарыз алады. Адамдар тірі қалу үшін заем рәсімдеуге мәжбүр, бірақ шенеуніктер халықты «қаржылық сауатсызсың!» деп айыптайды», – деді сарапшы.
Еуразиялық одақтың деректеріне сәйкес, сыртқы борышы ең көп мемлекет Қазақстан. Жан басына шаққанда мемлекеттiң борышы әрбір қазақстандыққа 8,1 мың доллардан келеді.
2025 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның сыртқы борышы 172,8 миллиард долларға жетті, бұл тарихи рекорд. ҚРҰБ мәліметтері бойынша, бұл 92,8 триллион теңгеге тең.
«Сыртқы борыш Қазақстанның 2025 жылдың басынан 8,1 миллиард АҚШ долларына ұлғайды, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 4,3 миллиард долларға, ал бағамдан 3,8 миллиард долларға өсті», – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Сыртқы борыштың 86,8%-ы – ұзақ мерзімді, яғни 1 жылдан көп мерзімге алынған. Бұл өтімділік тәуекелдерін азайтады, бірақ нарықтық талаптардың өзгеруі борышты өтеу мен қызмет көрсетуге теріс әсер етеді.