Фото: Видеодан кадр
Ақтаудағы 28А шағын ауданының тұрғындары екі жылдан бері пәтер ақысын тұрақты төлеп келсе де, үйлердің жағдайы жылдар бойы өзгермеген. Кіреберіс лас, жертөледен иіс шығады, аулада қоқыс жиналмайды. Тұрғындар “ОСИ тек ақша жинайды, бірақ нақты жұмыс істемейді” деп ашуға мінді.
Жиналған жұрт қала әкімдігіне барып, басқарушы ұйымның әрекетіне наразылығын білдірді.
Олардың айтуынша, “Ортақ меншік иелері бірлестігі” (ОСИ) екі жарым жыл бұрын құрылғанымен, осы уақыт ішінде ешқандай нәтиже көрсетпеген.
«Бәріміздің проблемамыз бір — ОСИ тек ақша жинайды, бірақ не ауламызды, не кіреберісімізді жөндемейді. Екі жарым жыл өтті, еш өзгеріс жоқ. Біз тек төлейміз, ал олар үндемейді», — дейді тұрғындардың бірі.
Тұрғындар жиналыс кезінде ұйым басшылығынан қаржы есебін талап етті. Бірақ жауапты тұлғалар есеп-қисапты ашық көрсетпеген.
Осыған байланысты тұрғындар өз арасында бастамашыл топ құрып, басқарушы ұйымды ауыстыруға және жаңа төраға сайлауға шешім қабылдағандарын айтты.
Кейбір тұрғындар бұл мәселе тек 28А шағын ауданына емес, Ақтаудың бірнеше көпқабатты үйлеріне ортақ екенін жеткізді.
«Бұл тек біздің аудан емес, бүкіл қаладағы ОСИ-лердің біразы осылай. Ақша жинайды, бірақ іс жүзінде жұмыс көрінбейді. Ауладағы жарық істемейді, жертөледен иіс шығады, су кетпейді. Біз енді үндемейміз, өзгеріс талап етеміз», — деді тағы бір тұрғын.