Фото: видеодан скрин
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді әлеуметтік желіде Reels түсіруге және ата-аналар чатында белсенді болуға мәжбүрлеу – заңға қайшы әрі ұстаздардың жеке өмірі мен психологиялық саулығына нұқсан келтіреді деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде білім беру саласында «егер шараны видео немесе фото түрінде жарияламасаң – ол өткізілмеген» деген түсінік қалыптасқан. Бұл жағдай ұстаздарға қосымша қысым жасап, олардың негізгі міндетінен — сапалы білім беруден — алаңдатуда.
«Мұғалімнің де жеке өмірі бар. Ол жұмыстан кейін балаларымен уақыт өткізуі керек. Ал біз оны тәулік бойы чаттар мен Reels-ке байлап қойдық. Бұл дұрыс емес. Ешкім мұғалімді Reels түсіруге, пост жазуға немесе чат жүргізуге мәжбүрлемеуі тиіс. Егер ол блогер болса, өзі қаласа — бұл басқа мәселе. Бірақ ешкім міндеттемеуі керек», — деді Аймағамбетов.
Депутат балалардың бейнесін ата-ананың рұқсатынсыз жариялау да заң бұзушылық екенін атап өтті.
«Мектепке барып, мен өз баламды түсірмеңіздер деп айттым. Әр ата-ана өз құқығын қорғауы керек. Бала бейнесі — бұл дербес дерек. Ал жасанды интеллект дәуірінде мұндай ақпараттың қауіпсіздігі ерекше маңызды. Бүгінде дипфейктер мен фейк-контент көбейіп кетті. Бұл өте қауіпті үрдіс», — деді ол.
Аймағамбетов ұстаздың басты міндеті — білім беру екенін, ал әлеуметтік желідегі белсенділік оның кәсіби шеберлігін өлшей алмайтынын қадап айтты.
«Мұғалімнің еңбегін Reels санына қарап емес, шәкіртінің білімі мен адамгершілігіне қарап бағалауымыз керек. Мұғалім блогер емес, ол — ұлт ұстазы», — деді депутат.