Фото: Видеодан алынған кадр
Олар 500 шапан тікті.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының тігіншілері өңірге тән ұлттық нақыштағы 500 шапан тігіп, Қазақстан рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Игі іске барлығы 17 тігінші қатысқан. Әрқайсысы шамамен 33 шапан тіккен. Ұлттық киімде аймақтың тарихи, мәдени ерекшеліктері ескерілген. Барлығы да бірдей стильде дайындалған.
«Айналайын Жаңаарқам, бала кезімнен анамның тігіп берген шапанымен мектепке барып едім. Содан бері сол шапан қазақы рухтың, еңбектің, ананың мейірімінің нышаны болып, бүгінге дейін киіп, дәріптеп келемін. Сол шапанның қасиетін дәлелдегендей, осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырып, қазақтың дәстүрі мен шеберлігін, дархан мінезін көрсеткім келді», – деді жоба жетекшісі Қайсар Сейпішов Instagram-дағы парақшасында.
Айта кету керек, бұған дейін Жаңаарқада қымыз дайындаудан рекорд орнатылғанын жазған едік. Рекордты Кубадан келген Гиннес өкілі Юделькис Диас тіркеді.