Қыс әлі келмей жатып, көмір бағасы аспандап кетті. Былтыр тоннасы 18–19 мың теңге болса, биыл 22 мың теңгеге жеткен. Ал сатушылардың айтуынша, бұл — «әлі шегі емес», деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Тұрғындар ашулы: «Дизель қымбаттады» деген сылтау көп айтылғанымен, көмір таситындардың көбі газбен жүретіні жасырын емес. Сонда бағаның күрт өсуіне не себеп?
Ауыл-аймақтарда көмір кезегі мен тапшылығы да ерте басталды. Кей өңірлерде бір тонна көмірге жету үшін тұрғындар бірнеше күн алдын ала жазылып, өздері тасуға мәжбүр. «Көмір жоқ, тек тапсырыспен» деген жауап қазір жиі естіледі.
«Жыл сайын бір жағдай қайталанады — баға өседі, ал жалақы орнында. Үйді жылыту байлыққа айналып барады. Бұрын 4 тонна көмірмен қыстан шығатын едік, енді соның өзіне жүз мыңдап ақша кетеді», — дейді Павлодар облысының тұрғыны.
Энергетика министрлігі болса, көмір жеткілікті деп сендіреді. Бірақ халық оны нарықтағы бағада көріп тұрған жоқ.