«Күшейтілген режімге көшті»: Алматы полициясы футбол жанкүйерлеріне ескерту жасады

Фото: Pixabay

«Қайрат» пен «Реал» командалары арасындағы халықаралық футбол матчының қарсаңында Алматы полициясы қызмет атқарудың күшейтілген түріне көшіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды қабылдады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Орталық стадион маңында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілді. Сонымен қатар Алматы полициясы «Қайрат – Реал» халықаралық футбол матчы қарсаңында мәлімдеме жасады.

«Шаһарымызда үлкен спорттық оқиға – «Қайрат – Реал» халықаралық матчы өтеді. Алматы әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлерді қабылдауға дайын.

Бұл біз үшін тек футбол мерекесі ғана емес, сондай-ақ Алматының шынайы келбетін – қонақжайлылықты, мәдениетті және бір-біріне деген құрметті көрсету мүмкіндігі.

Алматы полициясы қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», — делінген хабарламада.

Қоғамдық тәртіпті қорғауға полиция қызметкерлері мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері тартылған.

Матч өткізілуіне байланысты көлік қозғалысына ішінара шектеулер енгізіледі.

«Қала тұрғындары мен қонақтарын бұл уақытша шараларға түсіністікпен қарап, бағыттарын алдын ала жоспарлауға шақырамыз. Команданы бар ынтамен, бірақ мәдениетті түрде қолдаңыздар. Көшеде, стадионда және көлікте тәртіпті сақтаңыздар. Бірге тазалық пен мерекелік атмосфераны сақтайық.

Сіздердің жауапты әрекеттеріңіз – Алматы мен Қазақстанның имиджіне қосқан үлес. Біз мақтана алатын қала екенімізді көрсетейік», — деді Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Ол тұрғындар мен қала қонақтарын алдын ала қозғалыс шектеу сызбасымен танысуға, өз бағытын түзетуге және қозғалыстағы өзгерістерді ескеруге шақырады.

«Азаматтарды түсіністік танытқаны және қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Бұл шаралар уақытша сипатқа ие және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен іс-шараның жайлы өтуіне бағытталған», — деп хабарлады Алматы қалалық ПД-нің Баспасөз қызметі.