Фото: Жамбыл облыстық полиция департаменті
Таразда полиция қызметкерлері алкогольдік мас күйде жолға шыққан автобустың жүргізушісін тоқтатты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық шара барысында құқық қорғаушылар күдік туғызған жолаушылар автобусын байқап, оны тексеру үшін тоқтатқан.
Тексеру барысында №17 маршруттағы автобустың 55 жастағы жүргізушісі мас күйде болғаны анықталды. Медициналық тексеру оның қанында алкоголь бар екенін растады.
Осылайша жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 15 күнге қамауға алынды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
«Жүргізушінің мас күйде көлік жүргізуі жолдағы қауіпсіздікке нақты қауіп төндіреді және қатаң жауапкершілікке әкеп соқтырады», – деп ескертті полиция қызметкерлері.