Ердоған Түркияға F-35 ұшақтарын алу үшін Трамппен келіссөз жүргізді

Фото: aa.com.tr

АҚШ Түркияға салынған санкцияларды алып, оған америкалық F-35 жойғыш ұшақтарын сатып алуға рұқсат етуі мүмкін, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Алайда бұл жүзеге асу үшін Анкара Ресейден энергия ресурстарын сатып алудан бас тартуы қажет.

25 қыркүйекте Вашингтондағы Ақ үйде өткен кездесу барысында Трамп:

«Ең дұрыс шешімі – Ресейден мұнай мен газ сатып алуды тоқтату болар еді», – деп мәлімдеді.

Ол түрік көшбасшысын Ресейдің энергия тасымалдаушыларынан бас тартуға шақырды. Трамптың айтуынша, егер Түркия Кремльмен энергетикалық байланысты азайтса, онда АҚШ Анкараға бесінші буын F-35 жойғыштарын сатуға және бұрын қойылған шектеулерді алып тастауға дайын.

Сонымен қатар, Түркияның төртінші буын F-16 ұшақтарын көбірек сатып алуға қызығушылық танытып отырғаны айтылды.

Санкциялар Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде Анкара Ресейдің С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алғаннан кейін енгізілген болатын.

Алайда, Режеп Тайып Ердоған Түркия мен Ресей арасындағы сауда қатынастарына қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Кездесу қорытындысы бойынша Түркия АҚШ-пен 20 жылға арналған, құны 43 млрд доллар болатын сұйытылған табиғи газ жеткізу туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, 2026 жылдан бастап жыл сайын 4 млрд текше метр газ импортталады.