Фото: kun.uz
Ақмола облысында медицина студенттері күтпеген жерден әкім грантынан айырылды. Денсаулық сақтау басқармасы «госзаказ жоқ» деп университеттерге ресми хат жіберген. Ал келісімшартқа сеніп оқып жүрген жастарды алдын ала ешкім ескерткен жоқ, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
«Ақшасын төлемесең – оқудан шығасың»
Интернатурада оқып жүрген студенттерден кенеттен 950 мың теңге төлеу талап етілген.
– «Бұл біз үшін көтере алмайтын сома. Алдын ала ескерткен де жоқ. Оқудан шығып қалу қаупі бар», – дейді интерн Еламан Айтымов.
Студенттер әлеуметтік желіге шығып, «егер біз келісімді бұзсақ, миллиондарды қайтаруға тиіс едік. Ал әкімдік неге оңай ойынан айнып отыр? Дәрігер енді керек емес пе?» деп ашық сұрақ қойды.
Қоғамдық резонанс – билікті «оятты»
Жастардың жанайқайы әлеуметтік желіде үлкен шу тудырды. Осыдан кейін әкімдік «ақша бар, интерндерге грант сақталады» деп мәлімдеді. Бірақ ресми хатта «2025–2026 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс жоқ» деп жазылған.
Яғни, биліктің сөзі мен ісі бір-біріне қайшы.
Халық ашуы орынды ма?
Өңірде әлі де 190 дәрігер жетіспейді:
17 акушер-гинеколог,
16 терапевт,
14 жедел жәрдем дәрігері,
13 хирург,
12 педиатр және тағы басқалар.
Осындай тапшылыққа қарамастан, әкімдік бакалаврларға грант бөлуді тоқтатты.