Фото: T.me/Kris_p_almaty
Алматыда Назарбаев даңғылында болған жол апатында 20 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Көлік жүргізушісі аялдамаға соғылып, металл тіреулер құлаған, деп хабарлайды Qazaq.today.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Бостандық ауданында болған.
«Daimler Chrysler» автокөлігінің жүргізушісі Назарбаев даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, рөлге ие бола алмай, алдымен бордюрге, кейін аялдама кешеніне соғылған.
«Осыдан кейін ол жол жиегіне шығып кетіп, аялдама кешеніне соғылды. Металл тіреудің сынықтары 20 жастағы жаяу жүргіншінің денсаулығына зиян келтірді. Қыз қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілді», – деп хабарлады полиция.
Апат фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізуде.