«Мұндайды бұрын-сонды көрмегенмін». Иван Дычко қатты қуанып жатқанын айтты

 Фото: ©instagram.com/ivandychko

35 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко алдағы жекпе-жекке қатысты ойымен бөлісті. Ол TKO Boxing ұйымдастыруымен өтетін кеште 31 жастағы америкалық Джермейн Франклинмен қолғап түйістіреді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

Айқас 14 қыркүйек күні АҚШ-тың Невада штатына қарасты Лас-Вегас қаласында Қазақстан уақытымен өтеді.

«Мұндай деңгейдегі шараға қатысып отырғаныма қатты қуаныштымын. Бұл – атақты боксшылар жиналған үлкен бокс кеші. Аталған бокс кеші менде бұған дейінгілерден өзгеше. Деңгейі мен ауқымын қазірдің өзінде сезінуге болады. Қарсыласқа келер болсақ, ол – есімі белгілі, деңгейі жоғары, рекорды мықты әрі тәжірибесі мол боксшы. Алдағы айқаста маған жақсы тер төгуге тура келеді деп ойлаймын. Дегенмен мен ұзақ уақыт дайындалған бұл жекпе-жекке сақадай саймын, жақсы нәтиже көрсетемін деп сенемін», — деді Дычко Legalbet.kz тілшісіне.

Дычко (15-0, 14 КО) мен Франклин (23-2, 15 КО) айқасы бокс кешінің алдын ала кардында өтеді.

Кештің басты жекпе-жегінде екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін мексикалық Сауль «Канело» Альварес (63-2-2, 39 КО) пен америкалық Теренс Кроуфорд (41-0, 31 КО) кездеседі.