Фото: es.wikipedia
Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
— Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады. Соңғы жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелді. Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды, — деді Президент.
Мемлекет басшысы жақында Зайсанда, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталатынын айтты.
— Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.