Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Түрксіб және Медеу аудандарында салынып жатқан және қайта жөнделіп жатқан бірқатар нысанды көріп қайтты. Сапар барысында ол құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты, мердігерлермен әңгімелесіп, нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Алғашқы аялдама – 260 балаға арналған жаңа балабақша. Мердігердің айтуынша, нысан 96% дайын. Әкімнің орынбасары қалған жұмысты уақытында аяқтап, аумақты абаттандыруға баса назар аударуды тапсырды.
Одан кейін Бейбіт Шаханов 2 мың орындық заманауи мектеп құрылысына барды. Мұнда монолитті құрылымдар, қасбеттік және әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы дайындық деңгейі шамамен 80%. Әкімнің орынбасары құрылысты аяқтау мерзімі жақындағанын ескертіп, жұмыс қарқынын жеделдету үшін жұмысшы санын арттыруды тапсырды.
Қайрат шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен газ желілерінің құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Әкімнің орынбасары инженерлік инфрақұрылымның жұмыс барысын көріп, қолданылып жатқан материалдардың сапасын тексерді. Ол мердігер компания басшылығына желілердің қауіпсіздігі мен сенімділігіне қатаң бақылау орнатуды міндеттеді.
Сапар кезінде №99 мектептің қосалқы ғимаратпен қайта жаңғыртылу барысы да тексерілді. Жалпы дайындық 75%, алайда құрылыс жұмыс кестесінен 20 күнге кешіккен. Бейбіт Шаханов мердігер мен қадағалаушы органдарға кідіріс себебін дереу жойып, жұмысты жеделдетуді талап етті.
Сапар соңында әкімнің орынбасары Қалалық құрылыс басқармасына жұмыс сапасын қатаң бақылап, айналадағы аумақты абаттандыруға назар аударуды және мерзімді жүйелі түрде бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Б.М. Шаханов мердігерлерге «Таза Қазақстан» акциясы аясында құрылыс алаңдарында тазалық сақтауды міндеттеді.
Фото: Алматы қаласының әкімдігі