Фото: www.rbc.ua
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялар енгізу мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек деп санайды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Украина басшысының айтуынша, бұл – Мәскеуді соғысты тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруға итермелеудің тәсілі.
Зеленский Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлогпен Киевтегі кездескен.
«Біз Ресейге қалай әсер ете алатынымызды, оларды нақты келіссөздерге қалай тартуға болатыны туралы сөйлестік. Санкциялар, баж салықтары сияқты мәселелер күн тәртібінен түспеуі тиіс», – деді Украина президенті.
Киев ел басшылары деңгейіндегі форматта жұмыс істеуге ниетті.
«Негізгі мәселелерді шешу үшін дәл осындай формат керек», – жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұдан бөлек Зеленский Украина мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, Вашингтонның қолдауын жоғары бағалайтынын жеткізді.
«Вашингтонда еуропалық көшбасшылармен өткен кездесу кезінде қол жеткізген саяси, қорғаныстық және экономикалық нәтижелерді іске асыру өте маңызды», — деді Владимир Зеленский.