Жамбыл облысында ірі көлемде есірткі сақтаған тұрғын ұсталды

Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысында полицейлер республикалық «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 3 келіден астам кептірілген марихуананы сақтау дерегін анықтады. Бұл туралы өңірдегі полиция департаменті хабарлады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Сарысу ауданының 33 жастағы тұрғынын тәртіп сақшылары «Аса – Тараз» автожолында Volkswagen Passat көлігімен үйіне қайтып бара жатқан кезінде тоқтатқан. Арнайы үйретілген Сэм атты қызметтік ит көлік ішінен есірткі затын тауып берген.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті бұған дейін арнайы дайындалған жасырын орнынан есірткі салынған түйіншектерді алып кеткен.

Ұсталған азамат кінәсін мойындады.

— Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігіне (есірткі заттарын ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды, — делінген ақпаратта.