Президент кәсіпкерлікке кедергі келтіретін мәселелерді жоюды тапсырды

Фото: Ақорда

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровты қабылдады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Кездесу барысында бизнес-омбудсмен 2024 жылғы жұмыстың қорытындылары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлер құқығын бұзу фактілері бойынша 3 275 шағым түскен. Соның 1 759-ы немесе 53,7 пайызы оң шешімін тапқан. Нәтижесінде 20 млрд теңгеден астам шығынның алдын алынды. Жалпы, арыз-шағымдар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға азайған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бизнестің дамуын тежейтін артық әкімшілік кедергілерді анықтау және жою жұмыстарына басымдық берілген. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Кейбір мәселелер бойынша реттеуші және құқық қорғау органдарына талап-арыз жолданған. Президент кәсіпкерлердің құқығын қорғау шараларын күшейту және Кәсіпкерлікті қорғау стратегиясы аясында қордаланған проблемаларды шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.