Фото: скрин YouTube
Талғар қаласындағы атышулы істің басты фигуранты, марқұм Шерзат Полаттың өлімі үшін жеті жылға сотталған Дидар Қалиахметтің жұбайы Балауса Еркінқызына қатысты дау шықты. Бір топ азамат белгілі журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, Балаусаның сенімге кіріп, банктерден олардың атына ірі көлемде несие рәсімдетіп алып, қарыздарын қайтармай жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жәбірленушілердің айтуынша, Балауса Еркінқызы оларға «бірнеше ай ішінде несиені толық жабамын» деп уәде берген. Алайда уақыт өте келе ол ай сайынғы төлемдерді төлеуден бас тартып, байланысқа шықпай қойған.
«Талғарға арнайы келуімнің себебі – Дидар Қалиахметтің әйелі Балауса Еркінқызына алдандым деген азаматтар редакциямыздан көмек сұрады. Олар Балаусаның сенімдеріне кіріп, несие рәсімдетіп алғанын, кейін мүлдем хабарсыз кеткенін айтты», — деді Руслан Өтепбай.
Бағдарлама барысында маска киіп сұхбат берген екі азаматша оқиғаның қалай өрбігенін баяндады. Солардың бірі:
«Мен Балаусаға екі миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп бердім. Ол маған үш айда толық жауып беремін деп уәде еткен. Алайда қазір не ай сайынғы төлемін төлемейді, не хабарласпайды. Маған «екі миллион алып берсең, үстінен 500 мың теңге қосып қайтарамын» деген. Сол ақшаға алданып қалдым», – дейді.
Оның сөзінше, Балауса Еркінқызы адамдардың атынан несие рәсімдетіп, оны қолма-қол ақшаға айналдырып, заңсыз әрекеттермен айналысқан.
«Оның тұрақты жұмысы жоқ, бұған дейін менен алтын бұйымдарға қарыз алып, уақытылы қайтарып жүрген соң сеніп қалыппын», — дейді ол.
Балаусаның арбауына түскен тағы бір азамат – Дарын есімді жас жігіт. Ол кезінде Балаусамен бірге жұмыс істегенін, бірнеше жыл өткен соң әйел адамның қарыз сұрап байланысқа шыққанын айтады.
«Әлеуметтік желідегі парақшасында және WhatsApp арқылы «пайызға ақша беремін» деп жарнама таратқан. Алғашында қайтарған соң сеніп қалдым. Бірақ кейін екінші, үшінші мәрте берген қарыздарын қайтармай кетті», — дейді ол.
Дарынның сөзінше, ол Балаусаның өтінішімен екі түрлі банктен 2 миллионнан астам және 1,5 миллион теңге несие рәсімдеп берген. Бұдан бөлек, өз қалтасынан 2,5 миллион теңге қарызға берген.
«Бас-аяғы 6-7 миллион теңге көлемінде шығынға баттым», – деп ашынды жігіт.
Қазір зардап шеккендер ортақ чат ашып, Балаусаның үстінен ұжымдық арыз түсіруге дайындалып жатыр.
«Бәріміз е-өтініш арқылы полицияға арызданамыз. Бұл жолы оның әрекетіне заңды түрде тоқтау болатынына сенеміз», – дейді олар.