Фото: Pixabay / NikolayFrolochkin
Бірінші вице-премьер Роман Скляр доллардың қазіргі күрт қымбаттауы уақытша құбылыс екенін айтып, курс жақын арада төмендеуі мүмкін деген болжамын жариялады.
«Біз бұған дейін де түрлі жағдайларда курстың қайта тұрақтанғанын көрдік. Менің және әріптестерімнің болжамынша, курс артқа шегініп, қазіргі деңгейде ұзақ тұрақтамайды. Ұлттық банк те осы бағытта әрекет етеді, нарық та өздігінен тепе-теңдікке келеді», – деді Роман Скляр.
Скляр сонымен қатар Ұлттық банк Үкіметке бағынбайтынын, өз алдына дербес орган екенін еске салды:
«Ұлттық банк – мемлекеттік басқару құрылымындағы жеке институт. Ол ақша-несие саясатын өзі дұрыс деп есептеген бағытта жүргізеді. Бұл туралы пікірталас болуы мүмкін, бірақ шешімді олар қабылдайды», – деді ол.
Контекст: не болып жатыр?
-
29–30 шілдеде доллар бағамы 550 теңгеден асты, бұл – соңғы жылдардағы рекорд.
-
Осыдан кейін Ұлттық банк шұғыл түрде валюталық интервенция жүргізуге кірісті, яғни нарыққа доллар сата бастады.
-
Премьер-министр Олжас Бектенов те бұған дейін девальвацияға себеп жоқ екенін мәлімдеген.
«Курс тек нарықтық тетіктер арқылы қалыптасады. Қазіргі жағдайда ұлттық валютаға қысым жасайтын іргелі факторлар жоқ», – деген еді премьер.
-
Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы дүрбелеңді уақытша құбылыс деп бағалап отыр.
-
Қаржы реттеушілері тұрақтандыруға бағытталған нақты шараларды қабылдап жатыр.
-
Курс алдағы уақытта біртіндеп тұрақтанады деген сенім бар.