ФИФА Қазақстанда 100 футбол алаңын өз қаржысына салып береді

Фото: Getty Images

Бұл туралы ҚФФ президенті Марат Омаров «Спорттық орда» басылымына мәлімдеді.

«Бірінші рет тарихымызда біз ФИФА тарапынан Қазақстан мектептерінде 100 шағын футбол алаңын салуға рұқсат алдық — және бұл алаңдардың барлығы ФИФА қаржысы есебінен салынады. Әңгіме спорт залы да, алаңы да жоқ ауыл-аймақтар мен шағын қалалар туралы болып отыр», — деді ҚФФ басшысы.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан футбол федерациясы мектептерді әлеуметтік осалдық, халық тығыздығы және инфрақұрылым тапшылығы сияқты өлшемдерге қарап іріктеуде.

«Біз екі жыл ішінде барлық 100 нысан салынып, пайдалануға беріледі деп үміттенеміз. Алғашқы алаңдар Хромтау мен Көкшетауда бой көтереді», — деді ҚФФ президенті Марат Омаров.