Фото: Burhan Ozbilici / AP
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елінің Еуропалық Одаққа толыққанды мүше болуға дайын екенін тағы да мәлімдеді. Ол өз сөзінде Еуродаққа Түркияның қажет екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі TRT Haber басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
“Әлем өзгеріп жатыр, Еуропа да өзгерді. Еуроодақты болашаққа бастайтын шешуші қадам – Түркия болуы мүмкін. Біз толыққанды мүше болуға дайынбыз”, – деді Түркия президенті.
Еуроинтеграция тақырыбымен қатар, Ердоған халықаралық күн тәртібіне де тоқталды. Ол Израильдің әскери әрекеттерін айыптап, Газа секторы тұрғындарын қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Сириядағы өтпелі үкіметті қолдайтынын мәлімдеді. Ол алдағы 2–3 жылда Түркия жаңа ұшақ тасығыш кеме салуды жоспарлап отырғанын айтты.
Айта кетейік, Түркия 1999 жылдан бері Еуроодаққа үміткер ел саналады. Келіссөздер 2005 жылы басталғанымен, 2016 жылы демократия, адам құқықтары және Ердоғанның ЕО-ның толыққанды мүшесі – Кипр Республикасын мойындамауына байланысты саяси келіспеушіліктер туындап, іс жүзінде тоқтап қалған еді.