Атырау облысында екі күнде екі оқушы өз-өзіне қол жұмсады

Атырау маңындағы Геолог ауылында бір мектептің екі оқушысы бір тәуліктің ішінде өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Qazaq.today.

2 шілде күні 14 жастағы жасөспірімнің денесі жеке үйдің ауласынан асулы күйде табылған. Ал 3 шілде күні 15 жастағы қыздың мәйіті көпқабатты үйдің екінші қабатынан табылды. Екеуі де Атырау қаласындағы бір мектепте оқыған.

Бұл мәліметті оқу орнының директоры Айғаным Махметова растады. Оның айтуынша, көз жұмған ұл бала 9-сыныпты аяқтап, жуырда ғана аттестат алған:

«Бұл өте мейірімді, ашық-жарқын бала еді. Көп балалы отбасынан шыққан. Әрдайым ата-анасының жанында жүретін, тәртіп бұзбаған, үлкендерді сыйлайтын, сыныптың көңіл-күйін көтеріп жүретін жан еді», — дейді директор.

Ал көз жұмған қыз 10-сыныпта оқыған. Ол да көп балалы отбасынан шыққан, озат әрі белсенді оқушы болған:

«Өте жауапты, талапшыл, мейірімді қыз еді. Бұл бүкіл мектеп үшін орны толмас қайғы», — деді мектеп директоры.

Қазіргі уақытта полиция бұл деректер бойынша қылмыстық істер тіркеген, өлім себептері анықталып жатыр. Мектеп ұжымы мен ата-аналар оқушылар арасында суицидтің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілгенін айтқанымен, бұл трагедиялардың нақты себептері әзірге белгісіз.


Редакциядан: Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз психологиялық көмекке мұқтаж болса, Қазақстанда келесі сенім телефондарына хабарласуға болады:

150 – Бала құқықтары жөніндегі ұлттық сенім телефоны
111 – Балалар мен жасөспірімдерге арналған көмек қызметі
142 – Тегін психологиялық көмек желісі

Өмір — ең қымбат құндылық. Қиын сәттерде жалғыз қалмаңыз.