Балаларды ұрған павлодарлық тәрбиеші жұмыстан босатылды

Сәбилер бақшасындағы балаларға асқан қатыгездік көрсеткен тәрбиешінің үстінен полицияға 10 ата-ана шағым түсірген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Өңірлік балалар омбудсмені Сәуле Шәкенова тәрбиешіден жапа шеккен балалардың барлығы сот-сараптамалық сараптамадан өткенін мәлімдеді. Қылмыстық істің материалдары Полиция департаментінің анықтау басқармасына түскен.

— Мекемеден алынған барлық видеоматериалдарды зерттеу жалғасып жатыр. Тәрбиешіден жапа шеккен балалардың саны көбейе түсуі мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Күдікті ешқайда шықпау туралы қолхат жазып берді әрі ол жұмыс орнынан шығарылды, — деп хабарлады бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова.

Бұған қоса балабақша меңгерушісі қатаң сөгіс алғаны айтылып отыр.

Ал жапа шеккендер арасында екі баланың ата-анасы өңірлік қолдау орталығына психологиялық көмек алу үшін жүгінген.