Соңғы үш жыл аралығында Баянауыл туристік аймағында улы жәндік – қарақұрт күрт көбейді. Соның салдарынан туристердің алаңсыз демалуы қиындады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әсіресе, жазғы уақытта Баянауылдағы Торайғыр көлінің жағасында демалуды қалайтындар көп. Бұл жердің табиғаты да ерекше. Алайда қарақұрттардың осы маңда көп болуы қауіп төндірмей қоймайды.
Таяуда «Баянауыл» ұлттық табиғи паркінің мамандары жәндіктердің тағы пайда болғанын анықтап, оларды жою жұмыстарын жүргізді. Бұл аумақ ерекше қорғалатын аймаққа жататындықтан, мұнда қандай да бір химиялық өңдеу жұмыстарын атқаруға болмайды. Қызметкерлер қарақұрттарды қолмен жинап, құтыға салып, кейін өртеп жібереді.
«Жақында Жасыбай учаскесінің мемлекеттік инспекторларымен бірге Торайғыр көлінің тасты жағалауындағы, алтыншы кварталдағы аумақта қарақұрттарды жою бойынша шараларды атқардық. Соның барысында 93 жәндік табылып, көзі жойылды. Әзірше олардың жұмыртқалаған жері болған жоқ. Таралу аймағы да артқан жоқ. Бұрынғыдай олар 30 гектар аумақта байқалады. Жаңбыр басылған соң басқа да учаскелерді, оның ішінде «Сәкен жары» маңын зерделеу жоспарда бар», — дейді ұлттық парктің ғылыми қызметкері Мұрат Жасұлан.
Бұл уақытта Торайғыр көлінің сол жақ жағалауына туристік палаткалар тігуге тыйым салынды. Сондай-ақ, демалушылар мен жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, қарақұрт – улы жәндіктердің бірі. 2023 жылы ұлттық табиғи парк аумағынан мамандар 1593 жұмыртқа мен қарақұрттың 356 ұрғашысын жинап, жойды. Жәндіктің бұл түрі былтыр да аз болған жоқ.
Қызметкерлер 523 жұмыртқа мен 124 ұрғашысын өртеді. Тіпті, тамыз айында төтенше жағдай жариялауға тура келген болатын.