Ажал қоймасы: Сайран көліне бір күнде екі жігіт суға батып кетті (ВИДЕО)

Алматы қаласындағы Сайран көліне екі адам – жасөспірім мен ересек ер адам батып кетті. Қайғылы оқиғаны Төтенше жағдайлар департаменті растады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Куәгерлердің хабарламасынан кейін 109 қызметіне қоңырау шалынған. Оқиға орнына водолаздар жіберіліп, олар 2007 жылы туған жасөспірімнің денесін судан алып шықты.

Жағажайдағы адамдар құтқару қызметінің кеш келгеніне наразылық білдірді.

«Қайғылы оқиға «Шомылуға тыйым салынған» белгісі орнатылған жерде болды», – деп мәлімдеді ТЖД.

Мамандардың айтуынша, Сайран көлі әлі ресми түрде пайдалануға берілмеген. Онда абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр. Соған қарамастан, жүзуге тырысатындар аз емес.

Кешке екінші қайғылы оқиға тіркелді. Водолаздар 1977 жылы туған ер адамның денесін судан алып шықты. Куәгерлердің айтуынша, ер адам мас күйде суға түскен, бірақ қайтып шыға алмаған.

Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды рұқсат етілмеген су айдындарында шомылмауға шақырады. Мұндай әрекеттер қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.