Фото: Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы
Шымкент қаласының тұрғыны Феруза Рахимованың үшемі шала туған. Соған қарамастан дәрігерлер сәбилерді дұрыс күтіп, үйлеріне аман-есен жіберді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл туралы редакция тілшісіне Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Дереккөзге сүйенсек, дәрігерлер 24 жастағы келіншекті 31 аптасында босандырып алған. Үшемнің бастапқыдағы жағдайы ауыр болған, олар біраз уақыт аппараттың көмегімен тыныс алып, жан сақтау бөлімінде жатқан екен.
«Дегенмен, білікті медицина қызметкерлерінің көмегімен нәрестелер толық ем алып, салмақ қосып, өздері еме бастады. Қазір анасы мен үшемдердің жағдайы жақсы. Қуанышқа кенелген отбасы үшемге Мұстафа, Мұса, Хадия деп есім берген», — деп хабарлайды денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Шымкентте 149 егіз бала туған
Дереккөзге сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері Шымкентте 12 648 сәби дүниеге келген, олардың ішінде 149 егіз және үш үшем бар екен.