Шерзат Полат пен Нүкенованың мәйітін тексерген тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров өмірде неден қорқатынын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Ол марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеевпен бірге сұхбат барысында өмірдегі қорқынышын айтты.
«Өміріңіз мәйітханада өтті, жүрегіңіз бар екен ғой дейді. Мен одан қорықпаймын. Бірақ қорқынышты кинолар мен биіктіктен қорқамын. Үшінші қабаттан жоғары тұратын туысым бар, қонаққа шақырса, бармаймын. Өйткені, білмеймін, сондай бір сезім бар. Балконнан төмен қарағанда жаман болып кетемін. Сол сияқты жер сілкінісінен де қорқамын. Сол күні (ред. – Шерзат Полат сотындағы жер сілкінісі) мені күткендей, мен сөйлеп жатқанда аздап қорқып кеттім», — дейді Тахир Халимназаров.
Өз кезегінде Мейірман Шекеев сот барысындағы оқиғаға қатысты өз ойын жеткізді.
«Жұрт мәйіттен қорқып қашып жүрсе, бұл кісі оның ортасында жүреді. Сол күні жер сілкініп жатса да сұрағымды тезірек қойып, жауабымды алу мақсатым болатын. Судьяға айтып қоямын «Бісміллә» деп ары қарай ұра берейік деймін», — деді Мейірман Шекеев.