Ақтөбеде тұратын Расул және Полина Саматовтар отбасында үлкен қуаныш. Жас ана үшемді дүниеге әкеліп, перзентханадан шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жаңа туған нәрестелерге мынадай есімдер қойылды:
- ұлдарға – Әмин және Әмір;
- қыз балаға – Айша.
«Диапазон» басылымының мәліметінше, Саматовтар отбасының үлкен екі баласы бар:
- үлкен қызы Даяна – 5 жаста,
- ұлы Ислам – 3 жаста.
Үшемнің келуімен отбасы бес баланың ата-анасына айналды.
Ақтөбе медицина орталығы жанындағы акушерлік және гинекология кафедрасының жетекшісі Светлана Шиканова үшемнің дүниеге келуін ерекше оқиға деп бағалады:
«Үшем – өте сирек кездесетін жүктілік. Біздің пациентіміз Полинаның жүктілігі табиғи жолмен болды. Оның туыстарында да көпбалалы жүктілік жағдайлары кездескен. Бұл – тұқым қуалайтын ерекшелік», – деді ол.
Медицина мамандары балалардың да, ананың да денсаулығы жақсы екенін, жаңа туған сәбилердің үйге шығуға дайын екенін мәлімдеді.
«Полина өте көңілді жүреді. Алғашқы күннен-ақ сәбилерін аман-есен дүниеге әкелуге белсенді дайындалды», – деді дәрігерлер.