Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы департаменті интернет арқылы қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топты әшкерелеп, жойды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Белгілі болғандай, қазақстандықтардың жеке деректері мемлекеттік базалардан заңсыз алынып, Telegram арқылы тараған.
“Оның ішінде ақпараттар кейбір коллекторлық компанияларға берілген. 140-тан астам адам, оның ішінде компания иелері мен арна әкімшілері ұсталды. Қазір бес күдікті қамауға алынды. Тінту барысында 400-ден астам компьютерлік және басқа да электрондық техника тәркіленді”, – деді Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай.
Қылмыстық кодекстің 205-бабы 3-бөлігі (Ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу), 147-бабы 5-бөлігі (Жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу), сондай-ақ 211-бабы 3-бөлігі (Шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату) бойынша қылмыстық істер қозғалды.
“Осы заңсыз әрекетке қатысы бар адамдардың барлығы анықталып жатыр”, – деді Жандос Сүйінбай.
Ішкі істер министрлігі азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін бұзатын құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу және жеке деректердің таралуына жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғасып жатыр.