Қырғызстанның Ош облысындағы Кара-Кулжа ауданында орын алған қанды оқиға ел арасында қызу талқыланып, қоғамдық резонансқа айналды. 38 жастағы әйел өз күйеуінің қолынан қаза тапқан. Оқиғаға байланысты жарияланған даулы әлеуметтік желі жазбасы блогер Айбек Улановқа қатысты тергеу ісінің қозғалуына себеп болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпараттық агенттігі.
Қайғылы оқиға – қызғаныш пен отбасылық жанжалдың соңы
Марқұмның туыстарының айтуынша, трагедия 26 мамыр күні мектеп бітірудің 20 жылдығына арналған кездесуден кейін орын алған. Әйелдің күйеуі кездесуден соң қызғаныш танытып, оқ атып, жұбайының өмірін қиған. Қазіргі таңда 40 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Блогер Айбек Улановтың жазбасы – қоғамның ашуын туғызды
Қайғылы жағдайдың фонында Бішкек қаласының танымал блогері Айбек Уланов Threads платформасында:
«Егер әйеліңіз мектеп бітірудің 20 жылдығында сыныптасымен жақындасып қойғанын білсеңіз, не істер едіңіз?» – деп жазба жариялаған.
Бұл пікір қоғамда ашу-ыза тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары оны жауапқа тартуды талап етті. Көпшілік бұл сөздер марқұмның ар-намысына тиюмен қатар, отбасына психологиялық соққы бергенін атап өтті.
Құқық қорғау органдары блогерді тергеуге алды
Қоғамдық қысымнан кейін Бішкек қалалық ІІБ Экстремизм мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес қызметі Айбек Улановты жедел түрде тергеу бөліміне жеткізді. 1994 жылы туған блогерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Айбек Уланов кешірім сұрады
Қырғызстан ІІМ таратқан бейнежазбада Уланов өз қателігін мойындап, қырғыз халқынан, марқұм әйелдің туыстарынан, аналар мен әпке-қарындастардан кешірім сұрады.
«Менің жазбам ауыр қайғыдан зардап шеккен отбасы үшін тым орынсыз болды. Мен толық жауапкершілікті мойындаймын және Қырғыз Республикасының заңдары алдында жауап беруге дайынмын», – деді блогер.