Шерзат Полаттың қазасына байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентай сөз сөйледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Ол Шерзат Полаттың өліміне оның әкесі Қаржаубай Нұрымовты дәл өзі сияқты кінәлі деп санайды.
«Шерзаттың жатқан жері жайлы болсын, жақындарының қайғысына ортақпын. Құрметті сот, менің сол жерде болғаным және досыма хабарласқаным рас. Мен Нұрбол досымды ұрып-соғу үшін болмаса кек алу мақсатында шақырған жоқпын. Видеоматериалды қарасаңыз, мен ешкімге қол көтермедім, теппедім және қолымда пышақ болмады. Мен досым Нұрболды шақырғаныма өкінемін. Аяқасты төбелес болып кетеді деп ойламадым», — деді ол.
Дархан Әскентай сол түні төбелестің басталуына Қаржаубай Нұрымов айыпты дейді.
«Осы оқиғаға себепкер болған жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов бірінші болып Шерзатқа мен туралы жалған ақпарат беріп, балалар келгенде пышақ шығарып агрессия танытпағанда және Шерзат келгендердің бірін ұрмағанда, төбелес болмаушы еді. Бұл жерде ерегіс бастаған және адамдар тобын құрған, қару дайындаған Қаржаубайға маған тағайындалған ҚР ҚК 293- бабы бойынша жаза тағайындауыңызды сұраймын», — деді сотталушы.