Фото: gov.kz/mvd-transport
Астана халықаралық әуежайында Түркия азаматы тыйым салынған заттар туралы жалған ақпарат бергені үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Бұл оқиға туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді. Оның сөзінше, Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуе рейсіне тіркеу кезінде «Астана – Пхукет» бағытындағы ұшаққа отырғалы тұрған 47 жастағы Түркия азаматын анықтап, ұстады. Ол әуе компаниясының өкіліне әзілдеп, өзімен бірге тыйым салынған заттардың бар екенін айтқан.
«Қауіпсіздік қатерлеріне қатысты кез келген әзіл немесе мәлімдеме аса мұқият қарастырылады. Нақты қауіп болмаса да, мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік инфрақұрылымының тұрақты жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді және оның соңы әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – деді полиция полковнигі.
Бұл ақпарат шұғыл тексеріліп, ңәтижесінде қатер расталмады. Дегенмен бұл оқиға тіркеу қызметінің жұмысына уақытша кідіріс келтіріп, жолаушылар мен әуежай қызметкерлері арасында алаңдаушылық туғызды.
Көлік полицейлері шетелдік азаматты жауапқа тартып, сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды.