Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау басталды

Фото: Yonhap

3 маусымда Оңтүстік Кореяда президент сайлауындағы негізгі дауыс беру күні басталды. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Дауыс беру учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 06:00-де ашылады. Ел халқы шамамен 52 миллион адамды құрайды. Сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беру құқығына ие адамдар саны шамамен 44,4 миллион.

29 мамырда елде президенттік сайлау аясында екі күндік мерзімінен бұрын дауыс беру басталған болатын. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, бұл кезеңде 15 миллионнан астам сайлаушы қатысқан. Сондай-ақ, 20–25 мамыр аралығында шетелде мерзімінен бұрын дауыс беру өтті.

Корея Республикасында президент сайлауы бұрынғы президент Юн Сок Ёлға қатысты импичментке байланысты жоспарланған мерзімінен екі жыл бұрын өткізіліп отыр.