Шымкентте полиция қызметкері мопед жүргізушісіне тас лақтырған

Оқиға Тұран шағын ауданында болды. Мопед жүргізушісін қуған тәртіп сақшысының әрекеті бейнежазбаға түсіп қалған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Аталған видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Бейне кадрда жас жігіттің полиция қызметкерлерінің тоқтау талабына бағынбай, жаяу жүргіншілер аймағымен маневр жасап қашып бара жатқаны көрінеді. Полицейлер оны жаяу қуып жетуге тырысқан. Дегенмен, полицейдің бірі құқық бұзушыны қуып жете алмаған соң, оның бағытында тас лақтырған. Бұл сәт қоғамда кең резонанс тудырды. Бейнежазба бір миллионнан астам қаралым жинады.

Оқиғаға байланысты Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

— Мопед жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, полицейдің заңды талабына бағынбай, жасырынуға тырысқан. Ол жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірді. Аталған азамат ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Ал полиция қызметкерінің әрекеті белгіленген әдеп нормаларына сай келмейді. Осыған байланысты оның үстінен қызметтік тергеу тағайындалды, — делінген ақпаратта.