Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Бұдан былай электр самокаттары көлік құралы болып саналады, деп хабарлайды Qazaq.today
«Бүгін біз электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасын ұсынып отырмыз. Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл көліктің жаңа түрін пайдаланатындар мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім», — деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Сонымен қоса, электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.
Qazaq.today