«QASQA JOL» ютуб бағдарламасының бұл аптадағы қонағы өлкетанушы, тарихшы Амандық Әмірхамзин ашаршылық жылдары Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің жай-күйі қандай болғанын және Бессмертный полк шеруіне рұқсат берген билік аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шерулерге неге рұқсат бермегені жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Қазақ тарихына көз тастасақ, халқымыз әрқашан күресумен келе жатыр, өзінің құқығы, тәуелсіздігі үшін күрес, әсіресе Кеңес дәуіріндегі 70 жылдық халқымыздың өмір сүруіне, қалыпты дамуына едәуір әсер етті. Ал енді ашаршылық туралы сөз қозғар болсақ, 31-і күнгі датаны біз бөліп қарастыруымыз керек, яғни нақты репрессия құрбандары, мәселен 1937 жылы репрессияға ұшыраған Алаштың арда азаматтары, зиялы қауым өкілдерін еске алуымыз керек. Төлен Әбдік бір сөзінде «репрессия жылдары біздің ауылда қуғынға ұшырамаған адам қалмапты», деген болатын. Яғни, репрессия әрбір ересек адамға қатысты болатын болса, ашаршылық әр қазаққа тікелей әсер етті. Сондықтан менің ойымша, бұл екі датаны бөліп, бірін ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде, ал екінші датаны репрессия құрбандарын еске алу күні ретінде белгілеу керек», — деді ол.
Тарихшы Әмірхазинның пайымынша, бұлай бөлудің себебі қиын-қыстау кезеңде, елім-жерім деп жанын қиған ата-баба әруағына кішкене де болса құрметіміз болар еді.
Сонымен қатар ол бессмертный полк шеруіне рұқсат берген билік аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шерулерге неге рұқсат бермегені туралы да сөз қозғап өтті.
«Бұл алалау ғой былайша айтқанда. Себебі бессмертный полкке рұқсат бересің де атамды еске алам деп шығатын кісіге рұқсат бермейсің. Менің ойымша, бұл нонсенс. Сәйкесінше, мұндай жағдай халықтың басым көпшілігінің ашу-ызасын туғызады», — деп қорытындылады өлкентанушы.