Талдықорғанда қонақүйдің әкімшісі қызметін атқарған әйелдің мәйіті табылды. Оның денесінде 12 пышақ жарақаты болғаны анықталды. Бұл туралы Qazaq.today krisp.tdk-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндіру кезінде әйелдің мәйітін тапқан. Болжам бойынша, қылмыскер ізін жасыру үшін қонақүйге от қойған.
Жетісу облысы ТЖД мәліметінше, оқиға 24 мамыр күні таңғы сағат 04:14 шамасында тіркелген.
«Paradise Villa қонақүйінің қабылдау бөлігінде өрт шықты. Жалын 20 шаршы метр аумаққа тараған. Сағат 04:29-да өрт толығымен сөндіріліп, 35 адам эвакуацияланды», – делінген Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.
Полиция күдіктіні ұстады
Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Оқиғадан кейін көп ұзамай 23 жастағы күдікті жедел-тергеу амалдары нәтижесінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Басқа мәліметтер жария етілмейді», – делінген ресми мәлімдемеде.