Шымкенттен шыққан шатақ: 71 млн теңге ұрлаған мектеп директоры сотталды

Шымкентте мектеп директоры мен бас бухгалтері 8 жылға сотталды. Бұл туралы қалалық сот мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq.today.

Мәліметі бойынша олар өзара сөз байласып, ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған, сондай-ақ мұғалімнен пара алған.

“Директор мен бас бухгалтер алдын ала сөз байласып, 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылдың тамызына дейін аса ірі мөлшерде материалдық пайда алу мақсатында мұғалімдердің жалақысын есептеу кезінде оларға артық ақша аударған. Бухгалтер бұл қаражатты өзінің шоттарына, сондай-ақ жақын туыстарына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айырбастаған “, — деп жазылған хабарламада.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 71 млн теңгеден асты.

“Сонымен қатар 2022 жылы директор өзінің оқу бөлімі бойынша орынбасары арқылы мұғалімнің декреттік демалыстан мерзімінен бұрын шыққаны үшін 150 мың теңге көлемінде пара алған”, — дейді қалалық сот.

Сот үкімімен мектеп директоры мен бас бухгалтердің әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте және мемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды.