Алматыда Ақнәр Хамиттің өліміне қатысты іс қайта тергелетін болды

Алматыда 2023 жылы көпқабатты үйдің жетінші қабатынан құлап қаза тапқан Ақнәр Хамиттің өліміне қатысты қылмыстық іс қайта тергеліп жатыр. Бұл туралы қала полициясы ресми мәлімдеді.

Алғашында тергеу «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша басталған болатын. Алайда марқұмның анасы қызының денесінде зорлық-зомбылық белгілері болғанын айтып, істің қайта қаралуына түрткі болды. Осыдан кейін тергеу органдары істі тереңірек зерттеуге кіріскен.

Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, тергеу материалдары мұқият жинақталып, бейнежазбалар талдануда, куәлардан жауап алынуда. Оқиғаның барлық қыр-сырын анықтау үшін процессуалдық әрекеттер жалғасып жатыр.

«Қазіргі таңда істі Департамент басшылығы жеке бақылауына алды. Марқұмның жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Соңғы процессуалдық шешім барлық сараптама нәтижелері мен тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ғана қабылданады», — делінген ресми мәлімдемеде.

Еске салсақ, Ақнәр Хамит 2023 жылы Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, оқиға орнында көз жұмған болатын. Қайғылы жағдай қоғамда резонанс тудырып, жұртшылық арасында түрлі пікірлер мен сұрақтар туындаған еді.