Шымкент қаласындағы орта мектептің директоры мен бас бухгалтері мемлекет қаржысын жымқырғаны және пара алғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaq.today.
71 млн теңгеден астам шығын келтірген
Қалалық соттың мәліметінше, 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылдың тамызына дейін мектеп директоры мен бас бухгалтер алдын ала сөз байласып, мұғалімдердің жалақысын артық есептеу арқылы бюджет қаржысын жымқырған.
«Бухгалтер артық аударылған ақшаны өзінің және жақын туыстарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған», – делінген ресми хабарламада.
Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке 71 миллион теңгеден астам залал келтірілген.
Парақорлық фактісі де анықталды
Сондай-ақ, 2022 жылы мектеп директоры оқу ісі жөніндегі орынбасары арқылы мұғалімнен декреттік демалыстан мерзімінен бұрын шыққаны үшін 150 мың теңге көлемінде пара алған.
Сот үкімі мен қосымша жазалар
Сот үкімімен мектеп директоры мен бас бухгалтердің әрқайсысы:
-
8 жылға бас бостандығынан айырылды
-
Мемлекеттік қызметте және мемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды
Алайда сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.