«Мен жалғыз жесір емеспін ғой»: Ләйлә Сұлтанқызы күйеуі туралы айтып, көз жасына ерік берді (ВИДЕО)

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы «КешREC» бағдарламасында марқұм күйеуі Қайрат Беркінбаев пен балалары жайлы естеліктерімен бөлісіп, толқыған сәтінде көз жасына ерік берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ол ұлдарының әкелеріне ұқсап, оның ісін жалғастырғанын қалайтынын айтты.

«Қайраттың кезінде өзі салған балабақша мен мектептер әлі де жұмыс істеп тұр. Ол жердің қызметкерлері әлі күнге дейін алғысын білдіріп жатады. Сол жандардан балаларым да бата алса екен деймін. Ұлдарым әкесінің жолын қуып, елге сыйлы азамат болса екен. Қазір Қайраттың артында қалған 4 ұл мен 1 қызы бар. Ол ‘енді балаларымның қызығын көремін’ дегенде өмірден өтті. Кейде балаларының бойынан, әсіресе кенже ұлымнан, әкесіне ұқсастықтарды байқаймын», – деді Сұлтанқызы.

Тележүргізуші балалардың да әкелерін сағынып жүргенін жасырмады.

«Жақында кенже ұлыммен бір жағдай болды. Бір күні кешке бөлмесіне кірсем, менен бұрылып, тығыла берді. Сұрақтарыма дұрыс жауап бермей, өзін алдаусыратқандай болды. ‘Сардар!’ десем, ‘ия, анашым’ дейді де, бірдеңемен айналысқансып, шұлығын түзетіп отыр. Кейін ‘Маған қарашы’ десем, көзінде жас тұр. Не болды десем, ‘Телефонымды ақтарып отырып, әкемнің суреттері мен видеоларын көріп қойдым’ деді. Бұрын мұндай сезімін білдірмейтін. Әкесін қатты сағынып жүргенін сол кезде түсіндім», – деді ол.

Ләйлә Сұлтанқызы сөз соңында күйеуін еске алуды тоқтатуға тырысатынын да айтты.

«Жаңа жылдан кейін Қайрат туралы көп айтпауға өзіме уәде берген едім. Өйткені менен де қиын жағдайда жүрген жандар көп. Мен жалғыз жесір емеспін ғой. Елдің көңіліне қарап, оларды сыйлағандықтан көп айтқым келмейді. Бірақ бір ғана нәрсе айтам: ер азамат болса, Қайраттай болсын!», – деп түйіндеді тележүргізуші.