Қазақстан Ұлттық банкінің төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов брифинг кезінде күтпеген мәлімдеме жасап, ол азық-түліктің қанша тұратынын білмейтінін айтты, себебі дүкен араламайды, бұл іспен оның жұбайы айналысады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпараттық агенттігі.
«Айта алмаймын, өйткені үй шаруасымен жұбайым айналысады. Мен дүкенге бармаймын, азық-түлікпен қамтамасыз етуді жұбайым атқарады. Оның қолында менің картамның көшірмесі бар, ол дүкенге еркін барып жүреді», – деді Шолпанқұлов.
Ай сайын азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны жөнінде нақты сұрақ қойылғанда, Ұлттық банк төрағасының орынбасары иығын көтерді.
«Мен сіздерге айттым ғой, оның қолында менің картамның көшірмесі бар. Ол қанша жұмсайды – мен тіпті бақыламаймын», – деді ол.
Басқа журналистер бұл жауапқа таңданыстарын білдірді: Ұлттық банк төрағасының орынбасары қанша табыс табуы керек, сонша қаржы жұмсалып жатса да оны қадағаламаса?
«Жылағың келеді. Қаржы мәселесінде шешім қабылдайтын басшыларымыз бағаларды білмейді. Сіздер өмірден үзіліп қалған басқа бір шындықта өмір сүріп жатқандайсыздар», – деді журналист қыз.
«Сіз тұрмысқа шықтыңыз ба? Күйеуіңіз базарға барып, азық-түлік сатып ала ма? Көбінесе бұл іспен әйел айналысады. Менің жұбайым шындықтан алшақ кеткен, оңды-солды ақша шашатын адам деуге болмайды. Ол отбасына қажет мөлшерде ғана жұмсайды. Ол да өмірден қол үзбеген, азық-түлікке орасан зор қаржы жұмсайды деген ой болмауы керек. Ең алдымен, ол – отбасының ұйытқысы… Бұл – жұбайыма деген сенім. Егер сен әйеліңе сенбесең, онда ол қандай отбасы болғаны? Ол артық ақша жұмсай алмайды. Бұл тек азық-түлікке ғана емес. Бұл – балаларға қаражат жинау, оларды оқыту, демалысын ұйымдастыру… Бұл – жинақтау процесі ғой», – деп жауап берді Берік Шолпанқұлов.
Жалақысы қанша екенін сұрағанда, Шолпанқұлов бұл сұраққа жауап беруден бас тартып, құпия туралы келісімге қол қойғанын алға тартты.